Карантин кезінде баланың түрлі эмоцияға бейім болуы – қалыпты жағдай. Тек ата-ана олардың көңілін көтеру үшін түртпектей бермеуі керек. Бала ашуланса, көңіл-күйі түсіп жыласа, мінез-құлқы өзгерсе, әркез оның жағдайын сұрап, әңгімелесіп отыру керек. Мазасызданып тұрған адамның жағдайын сұрасаңыз, көңіл-күйі бірқалыпқа түседі. Бұл – психотерапевтер жеке қабылдау кезінде көп байқайтын жағдай. Бала қатты агрессияға бой берсе, груша немесе жастықты ұруына болады. Бала үрейленсе, мазасызданса, назар аударып, арқасынан сипап, сабырға шақыру керек. Кейде оған көрпеге оранып, өзімен-өзі жатуға да мүмкіндік беру қажет. Бала карантин жағдайында өзінен кішкентайлардың қылығын жасауы мүмкін. Мұндайда балаға көмек беріп, шыдай тұру керек. Егер бұл жағдай жиі қайталанса, бейжай қалдырмаған жөн.
Балаларды ренжітпей, жазаламай, керісінше көбірек ынталандырған дұрыс. Сонымен қатар белгілі бір ережелер, күн тәртібі өте маңызды. Оны балада қызығушылық пайда болатындай етіп құрастырған жөн. Балалар балабақшаға немесе мектепке бармаса да, күн тәртібі қажет. Егер өзін-өзі тәрбиелеу болса, онда баланың да, ата-ананың да жүйкесі сыр бермейді
Ойындар, бірлескен іс-шаралар, өздігінен білім алу үшін көптеген сәттерді жоспарлау керек. Түймедейді түйедей етуге болмайды. Мен әрқашан жас отау иелеріне ата-анаға қоңырау шалмас бұрын онға дейін санау керегін айтамын. Осы уақыт ішінде жағдайға байыппен қарауыңыз қажет. Ажырасуға келген жас отбасыларға парақты екіге бөліп беріп, бір-бірінің барлық жақсы және жағымсыз жақтарын жазып берулерін сұраймын. Үнемі жақсы қасиеттері басым түседі. Сонымен қатар сотқа келгенде жұбыңызды таңдаған сот емес, өзіңіз екенін естен шығармау керек. Жұбайыңыз – болмысыңыздың айнасы
Бала ата-ананың айтқанын емес, істегенін істейді. Дәл қазір балаңыз қиын жағдайда не істеу керек екенін, жағымсыз эмоцияны қалай жеңуге болатынын, өмірден қалай жарасым табуға болатынын сізден үйреніп жатыр. Сондықтан әуелі өзімізді тәрбиелеп, содан кейін балаларымызға ситуациядан шығуға көмектескеніміз дұрыс.