Тақырыбы: «Құтты болсын-Наурыз!»
Мақсаты: Наурыз мейрамы туралы түсініктерін тереңдету.
Білімділік: Халқымыздың ұлы мейрамы – Наурыз тойы туралы балалардың білімдерін кеңейту. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдеп ғұрпымен таныстыру
Дамытушылық: Балалардың ойлау, қабылдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Мерекелік көңілін көтеру, елге деген сүйіспеншілікпен бірге, салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Наурыз мерекесіне арналған суреттер, слайд, киіз үй, шарлар, дөңгелек үстел, бесік, асықтар.
Жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар. Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Ұлы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Ұлы мереке сіздерге бақыт, қуаныш, сыйласын!
Балалар «Зерек» ауылы болып топқа кіреді.
(келген қонақтарды шашумен қарсы алып, төрге жайғастырамыз)
Жүргізуші: Наурыз — жыл басы, наурыз — қуаныш мерекесі.
Наурыз — бақыт пен шаттық мерекесі. Наурыз – көктем мерекесі. Ендеше «Наурыз» туралы ән шырқайық.
Ән: «Наурыз келді!»
Келесі кезекті мерекеге арналған тақпақтарға береміз.
Жұлдыз: Наурыз келді құт болып
Мына бізге сүтті болып
Аққа ауызымыз толады
Бар жақсылық болады.
Арсен: Наурыз келді еліме
Наурыз келді жеріме
Байлық бақыт тілеймін
Бүкіл қазақ еліне!
Ойын: «Ханталапай»
Жүргізуші: Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Ендеше, ақ кимешекті ақ әжеміз келе жатыр. Қош келдіңіз! (музыка).
Әже: Амансыздар ма, құрметті қонақтар, балалар, көктемнің тамаша мерекесі, Ұлыстың ұлы күні, Наурыз құтты болсын, әр шаңыраққа береке, бірлік, мәртебе әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барса жол болсын!
Жүргізуші: Әжесі келіңіз, төрлетіңіз. (Әже төрге шығып, дастарханнын басына жайғасады)
Нурислям: Наурыз келді тамаша
Ән айтамыз таласа
Атам, әжем той тойлап
Қуанып жүр балаша
Би билейміз тамаша!
Би: «Қамшы»
Балалар, қазақтың қандай ұлттық ойындарын білесіңдер? (балалардың жауабы)
Көрініс. Бесікке салу. Қыз-келіншектер топқа кіреді.
Әже: қане, бесікті әкеліңдер. Бесік – өмірге жаңа келген періште сәбидің ақ отауы, оның ер жеткенде ардақ тұтар асыл бұйымы, мұны білген абзал.
Осыдан кейін бір-екі қыз-келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды.
Балалардың біреуі шүмекті нұсқап: мынау не?
Әже: Мынаны шүмек дейді, шүмекті қойдың асықты жілігінен жасаған, ол айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатылады.
Балалар: олар не үшін керек: Мұның бәрі сәбидің денсаулығына пайдасы өте зор. Ол баланың тазалығына өте қолайлы, мына арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл анаға да қолайлы. Бала да өзінің құрғақ, ұядай жылы жатын орнында алаңсыз ұйықтайды.
Әже: ал енді бесікке бөлейік.
Осы кезде бір балалар бесікті тербетеді.
Әжесі: қой балам, бос бесікті тербетуге болмайды.
Балалар: мыналарды қарашы. Кіп-кішкентай көрпелер. Қандай әдемі!
Әже: Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, құс төсек, жастық, қолтық жастық, тізе жастық, жөргек, қолбау, тізебау, екі тартпасы дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі.
Бесік - баланың жылы ұясы.
Әже: - Ал енді, қызым бесік жырыңды айтып, сәбиіңді ұйықтата ғой.
Анасы бесіктің теріс жағынан отырады.
Әже: бесіктің теріс жағынан отыруға болмайды. Оң жағынан отыру керек.
Анасы бесік жырын айтады. «Әлди-әлди, ақ бөпем!»
Би: «Асатаяқ»
Жүргізуші: Наурыз тойын тойлағанда ағаларымыз күш сынасып, аттарын бәйгеге қосқан. Сол ағаларымыз сияқты бізде ұлдарымыздың күштерін сынап көрейік.
Ойын: «Білек сынасу»
Жүргізуші:
Ал, балалар келген қонаққа мың алғыс деп, «Зерек» ауылынан келген қонақтарымызды шашумен шығарып салайық.
Ән: «Қуанышқа бөленген әр күніміз!»
Жүргізуші:
Тойла бүгін тауларым мен боз далам,
Тойла бүгін қарттарым мен бозбалам.
Мереке боп келген бүгін Наурызым!
Береке бол ешқашанда тозбаған! – дей отырып, ертеңгілігімізді аяқтаймыз.
Тәрбиеші: Оразбаева М.А.